«Айгөлек» тобының балабақшамен қоштасу мерекесі
🎓✨ «Айгөлек» тобының тәрбиеленушілері балабақшамен қоштасу мерекесін атап өтті.
Бұл күн бүлдіршіндеріміз үшін ерекше әрі есте қаларлық мерекеге айналды. Бірнеше жыл бойы тәлім-тәрбие алған алтын ұя балабақшаларымен қоштасқан тәрбиеленушілеріміз өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды.
Мереке барысында балалар әсем әндер шырқап, әсерлі тақпақтар айтып, көңілді билер биледі. Сондай-ақ, қызықты көріністер қойып, балабақшада өткізген бақытты сәттерін еске алды. Әрбір өнер нөмірі ата-аналар мен қонақтардың ыстық ықыласына бөленіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Балабақшамен қоштасу – бүлдіршіндердің өміріндегі маңызды белестердің бірі. Бұл мереке олардың мектепке қадам басып, жаңа білім әлеміне жол тартуының жарқын көрінісі болды. Тәрбиеленушілеріміз өздерінің білімге құштар, өнерлі әрі тәрбиелі екендіктерін көрсете білді.
Қимастық пен қуанышқа толы бұл күні ата-аналар балаларының жетістіктеріне қуанып, балабақша ұжымына алғыстарын білдірді. Ал бүлдіршіндерімізге ақ жол тілеп, алдағы оқу жылында биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
🌟 Құрметті «Айгөлек» тобының түлектері! Алдағы мектеп өмірлеріңіз қызықты оқиғаларға, жарқын жетістіктерге толы болсын. Жолдарыңыз ашық, болашақтарыңыз жарқын болсын! 📚💐🎓




